Тараздан шыққан этнографиялық керуен Астанаға таяп қалды

Жамбыл облысы əкімдігінің Мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы, Тараз қаласы жəне Сарысу, Жуалы аудандарының əкімдігі бірігіп өткізген шараға Жамбыл облысы əкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ирина Любарская, Жамбыл облысы əкімдігінің Мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенəлі Дыбысалыұлы, Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Ғани Садырбаев, сонымен қатар, Қарағанды облысы əкімдігінің мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Мүлікұлы Ағымбаев қатысты.
Керуенді Қарағанды қаласының бас қақпасында қарсы алу барысында Еркебұлан Мүлікұлы сөз алып, көшке ақ жол тіледі. Қарағанды қаласының орталық Бұқар жырау көшесінен жүріп өтіп, орталық саябаққа жеткен керуенді Жамбыл облыстық қазақ драма театры тарихи қойылыммен күтіп алды.
Одан әрі Жамбыл облыстық филормониясы керуеннің Арқа жеріне ат басын бұру құрметіне жергілікті халыққа концерттік бағдарлама ұсынды.
Шара барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының актері Кеңес Жұмабеков керуенге сәт сапар тілеп, ақ батасын берді.
Керуен соңғы бекет бас қаланы бағытқа алып тарихи Тараздың аманатын елордалықтарға жеткізбекке жолға шықты.