12:11, 01 Мамыр 2010 | GMT +5
Тараздың орталық алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шеру өтуде
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Тараздағы «Достық» орталық алаңында дәл осы сағаттарда Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шеру өтуде. Облыстағы 11 этномәдени бірлестіктің, ұйымдар мен мекемелердің, жоғары және орта оқу мекемелерінің ұжымдары салтанатты шерумен жүріп өтті.
Бүгінгі мерекеге орай жоспарланған мәдени-бұқаралық шаралардың қатарында театрландырылған қойылымдар, облыстық «Алатау» ән-би ансамблі мен облыстық филармонияның, «Достық шеңбері» облыстық фестивалі жеңімпаздары мен көркемөнерпаз ұжымдарының концерттік бағдарламалары бар.
Орталық алаңда, ҚР Тұңғыш Президенті саябағында, Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта, Атшабар тынымбағында, Теміржолшылар саябағында, Мамыр тоғайында - барлық жерде халық серуендері өтуде. Осындай іс-шаралар бүгін облыстың барлық елді-мекендерінде өтіп жатыр.