Тарихи жорық барысында белгілі тұлғаларға қатысты тың деректер анықталды - БҚО

ОРАЛ. 11 шілде. ҚазАқпарат - БҚО-ның Ақжайық ауданында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты бағдарлама аясында Тайпақ өңірінің Есенсай, Қурайлысай, Қарауылтөбе, Базартөбе, Базаршолан және Сарытоғай ауылдық округтерінің аумағына тарихи-этнографиялық жорық ұйымдастырылды.
None
None

Құрамында Тайпақ өңірінің көне шежіресін жақсы білетін ақсақал Әленғали Кереев, белгілі журналист, «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі, «DANA.kaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, Ақжайық аудандық кітапханасының қызметкері, ақын Сағынтай Бисенғалиев және жергілікті өлкетанушы Бақтығали Қоспанов кірген топ үш күн ішінде жүздеген шақырым жол жүріп, алты ауылдың алыс-алыс нүктелерін аралап шықты. Сапар барысында тарихта белгілі тұлғаларға қатысты тың деректер анықталды. Мысалы, 1827 жылы Бөкей ордасында Жәңгір ханға қарсы халық толқуын бастаған белгілі батыр Науша Қаржауұлының зираты анықталып, құлпытасы оқылды. ХІХ ғасырдың қайталанбас сәулет ескерткіштері қатарына жататын көне кесенелер, құлпытас сағаналар суретке түсірілді. Одан бөлек, есенсайлық Ғилым Исмағұлов, өлеңтілік Наурызғали Әбілхайыров, базартөбелік Саясат Сәлімов, базаршоландық Қуан Нұрсұлтанов, сарытоғайлық Сансызбай Қабдоллашев жергілікті тарихи тұлғалар туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Сайқұдықтық Үзілдік Елеубаева өз ауылының тарихы мен танымал тұлғалалары жайында қазірдің өзінде шағын кітап дайын екендігін айтады.

«Ақжайық ауданында мектеп оқушыларына арналған өлкетану оқулығы дайындалып жатыр. Біз бұл кітапта әр кезеңде осы аудан аумағында болған оқиғаларға талдау жасаймыз. Мұнда құжаттарға, нақты архив деректеріне негізделген мәліметтер молынан болады», - дейді Бақтығали Қоспанов.

«Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты өлкетану жобасы ауданда бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Биыл ұлттық тарихқа ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде түрлі шаралар қолға алынғанда, Ақжайық ауданында да тың серпіліс пайда болды. Аудан әкімі Нариман Төреғалиев барлық ауыл әкімдері мен мектеп басшыларына, кітапхана қызметкерлеріне тапсырма беріп, әр ауылдың тарихы, көне шежіресін хатқа түсіру жұмысы жолға қойылған. Туған өлке тарихын түгендеу ісіне жергілікті басшылар да ынталы. Қурайлысай ауылдық округінің әкімі Асқар Жұмашев, Базаршолан ауылының әкімі Мәлік Ілиясов экспедиция мүшелерін жақсы қабылдап, қолдау көрсетті. Базартөбе ауылының әкімі, өзі жеке музей жасақтаған өлкетанушы Амантай Сәлімов жорық мүшелерімен бірге жүріп, талай тарихи орындарды таныстырды. Ал Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Абзал Әлжанов та өзі бастап жүріп, ХІХ ғасырдағы қазақ батыры Мырзагелді Аралұлының қабірін, Қожабек қауымын, Қаракөлдегі Рәш ишан медресесінің орнын, Сырым сарбаздарының Есім Нұралыұлын өлтіретін «Ханшапқан» мекенін, тағы басқа тарихи орындарды аралатты. Сапар нәтижесінде хатқа түскен деректер болашақта өңделіп, зерттеліп, халық назарына ұсынылатын болады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум