12:17, 30 Мамыр 2009 | GMT +5
Тәртіпке бас иген құл болмайды -Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылордада Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онда негізінен мемлекеттік қызметкерлердің "Мемлекеттік қызмет туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" заңдарды және Ар-намыс кодексі талаптарын орындауына қатысты бірнеше мәселе қаралды.Табиғат қорғау прокуратурасының тексеруімен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясында бірқатар құқықбұзушылық әрекеттері орын алғаны анықталған. Күн тәртібіндегі келесі мәселе облыстық көліктік бақылау инспекциясындағы келеңсіз фактіге арналды. "Арал" көліктік бақылау бекетінде инспекцияның жетекші маманы Марат Жамашев пара алу үстінде ұсталған. Кеңесте аймақта ана мен бала денсаулығын қорғау және туберкулезге қарсы күрес қызметінің мән-жайы талқыға түсті. Бұл туралы облыстық медициналық қадағалау департаментінің бастығы Алмат Құрманғали хабарлама жасады. Ана мен бала өлімі бойынша облыс көрсеткіші әлі де жоғары. Әйелдер мен балаларды алдын-ала тексеру сапасы белгіленген талаптардан төмен. Қайтыс болған 93 нәрестенің алты пайызына ғана патологоанатомиялық тексерулер жасалған. Сол секілді аймақта балалар мен жасөспірімдердің туберкулезге шалдығу көрсеткішінің өсуі байқалады. Түзеу мекемелерінен ауырып шыққан азаматтарды бақылау жолға қойылмаған.Кеңес қарауына Арал ауданы бойынша қаржы полициясы ұсынған материалға сәйкес "Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесінің директоры Мағжан Тұрсынбаевтың жауапкершілігі қаралды. Ол мақсатты бөлінген бюджет қаржысын игеру барысында алты мініс атын мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбей-ақ, өзінің жұбайынан келісім-шарт арқылы 600 мың теңгеге сатып алған. Бұл заңмен көрсетілмеген артықшылық жасауға жатады. Кеңесте сондай-ақ Жөлек ауылының бұрынғы әкіміне және өзіне артық ақша есептеген есепші С. Ғаниевке сөгіс берілді. Сол секілді облыстық білім басқармасы нұсқауынсыз өздеріне жалақы есептеуде артықшылық жасаған № 7 лицейдің қазіргі директоры И. Сыздықов пен бұрынғы басшысы О. Қуанышбаевтың жауапкершілігі қаралды.