Ташкентте БҰҰ мен ШЫҰ бас хатшылары біріккен декларацияға қол қояды - Өзбекстан ІІМ
Б. Исламов атап өткендей, осы жылғы сәуірдің 4-5-інде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Ташкентте болады деп күтілуде. Қазір ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев Өзбекстанда жүр. Соңғы бес-алты айда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынастарды нығайтуы бойынша қыруар жұмыс атқарылды.
«Нәтижесінде 2009 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның ШЫҰ-мен әріптестік туралы қарары қабылданды. Біз ШЫҰ мен БҰҰ бірлескен декларациясына екі хатшының Ташкентте сәуірде қол қоюына бар күшімізді жұмсадық», - деп атап көрсетті министрдің орынбасары.
«Бұл құжатқа қол қою, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты қоса есептегенде, барлық бағыттағы әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы бірлескен декларацияда лаңкестікке қарсы күреске айрықша орын беріледі. Аталған екі құжат ШЫҰ аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымына БҰҰ Хатшылығының Лаңкестікке қарсы бөлімімен тығызырақ байланыс орнатуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Б. Исламов.
БҰҰ Бас хатшысы қазір Орталық Азия елдерінде сапармен жүр. Пан Ги Мун Қазақстанға келуді де жоспарлаған.