17:58, 25 Сәуір 2013 | GMT +5
Тасқала аудандық театры аймақтық фестивальдан бірінші орынды иеленді
ОРАЛ. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Тасқала аудандық халық театры Т.Ахтановтың 90 жылдығына орай Ақтөбе қаласында өткен «Театр - өнердің ұлы көші» атты халық театрларының VIII аймақтық фестиваліне қатысып, бірінші орынмен оралды.

Өңірге өнерімен танымал Тасқала театры И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклін сахналаған.
Республикалық деңгейдегі өнер додасынан олжалы оралған ұжымды аудан әкімі Қуат Мусин қабылдап, құрмет көрсетті. Оның атап өткеніндей, театрға шығармашылық жұмыспен айналысуына толық жағдай жасалған. Өнерге деген қамқорлық алдағы уақытта да әлсіремейтін болады.
Сонымен бірге байқауда театр режиссері Ботагөз Сәрсенова «Ең үздік әйел рөлі» аталымын иеленді.
Тасқала театры 2006 жылы халық театрларының облыстық фестивалінде Б.Мұқайдың «Заманақыр» спектаклін сәтті сахналап, халық театры атанған еді. Бүгінде театр қоржынында 10-нан астам спектакль бар.