Тасқала ауданы мемлекеттік қызметкерлері арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды бұзғандар жоқ - БҚО
Әкім есебін тыңдай келе, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин Тасқала ауданы мемлекеттік қызметкерлері арасында биыл «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды бұзғандар жоқ екендігін атап көрсетті. Бұл - өзге аудандарға үлгі етуге тұрарлық жайт. Осы бағыттағы оң тәжірибені кеңінен таратуға болады. Сонымен қатар ауданда тұрғындардың арыз-шағымдарына уақтылы жауап бермеу, іс жүргізуді дұрыс жолға қоймау, тәртіптік жаза қолдануда заңдылықты сақтамау сынды фактілер кездесіп қалады. Осындай заңбұзушылыққа жол бергендердің алды тәртіптік кеңестің алдына келді. Атап айтқанда, өтініштерге мерзімінде жауап қайтармаған, бұйрықтарды тіркеуді қамтамасыз етпеген аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс, сондай-ақ жер қатынастары бөлімдерінің бастықтары Айтқали Сүндетбаев пен Рухолла Рамазановқа Ар-намыс кодексі талаптарына орай ескерту, мемлекеттік қызметкерді заңға сәйкес қабылдамаған мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Шапағат Мәжитовке сөгіс беру ұсынылды.
Тәртіптік кеңес отырысында БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ұсыныстарына сәйкес екі бірдей мәселе қаралды. Тәртіптік кеңес Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Берік Төлеуов пен учаскелік полиция инспекторы Нұфтығали Төрешевтің құқық бұзушыларға қатысты іс-әрекеттерінің заңды екенін атап көрсетіп, талқылаумен шектелді. Сол сияқты Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Рауль Өтемісовке қатысты материал да жете зерттелмей, шикі дайындалғандықтан, департаментке кері қайтарылды.