13:01, 03 Мамыр 2011 | GMT +5
Тасқын судан зардап шеккен Алғабас ауылы тұрғындарына жәнібектіктер малмен көмектесті
ОРАЛ. 3 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сәуір айындағы су тасқыны кезінде Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округі табиғат апатының құрсауында қалған болатын.

Республикадан бастап облыс, аудан халқы алғабастықтарға қарқынды көмек ұйымдастырды. Адам аман, бірақ малдан шығын болды.
Өткен сенбі күні 500 шақырымдық жолды артқа тастап, Алғабасқа Жәнібек ауданы, Күйгенкөлден өздерінін көліктерімен 12 бас мал жеткізілді. Сиыр, қашар, баспағы аралас. Тасқыннан келген шығынды анықтау комиссиясы келген малды алғабастық Сұңғат Оспанов пен Мизам Мұқанбетқалиев отбасыларына тиісті деп шешті. Малды жеткізіп, алғабастықтардың қиындығына ортақтасқан Жәнібек аудандық мәслихатының маманы Нұрболат Мусинге, жәнібектіктерге жергілікті халық шын жүректен алғыс білдірді.