Тасқын судан зардап шеккен халыққа Үкімет тарапынан нақты көмек көрсетілетін болады - Ө.Шөкеев

ӨСКЕМЕН. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған үкімет тобы Елбасының тапсырмасы бойынша сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облысына сапармен келді.
None
None

Делегация құрамына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Сергей Громов, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин, Парламент Мәжілісінің депутаты Валерий Досқалов, сондай-ақ «Қазына-Самұрық» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Қайрат Әйтекенов пен «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдинг» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Жолдымұрат Аманбаев кірді.

Делегация бірінші аялдаманы Зайсан ауданына жасады. Онда олар су қаупі төнген Қаратал, Сартерек, Айнабұлақ, Кеңсай, Қарабұлақ ауылдарын аралап, Үйдене бөгеті мен Кендірлі су қоймасында болды. 100 тұрғын үйді су басқан Тасбастау ауылына ерекше назар аударылды.

Ал түстен кейін Үкімет мүшелері Тарбағатай ауданының Жантікей, Көкжыра және Ақсуат аылдарына ат басын тіреді. Ө.Шөкеев қираған үйлерді өз көзімен көрді және зардап шеккен тұрғындармен кездесті.

Ө.Шөкеев өз сөзінде, зардап шеккен халыққа Үкімет тарапынан нақты көмек көрсетілетінін атап көрсетті. Атап айтқанда, баспанасыз қалған отбасылар уақытша шатырларға жайғастырылып, жылы киім-кешекпен, төсек-орынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Зардап шеккен әр адамға 5 мың теңге бірреттік ақшалай жәрдемақы беріледі деп сендірді вице-премьер.

Үкімет сондай-ақ тұрғын үйлерді қалпына келтіруге және жаңа үйлер салуға көмектеседі, ал «ҚазАгро» холдингі су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына мал алуға 5 жылға несие береді.

Ақсақалдар қиын кезеңде көмек көрсетіп отырған Елбасына, Үкімет мен облыс әкімшілігіне алғыстарын жеткізді.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, наурыздың 30-ында жағдай бойынша аймақта 1157 үйді су басқан, оның 536-сы қираған, 631 үй күрделі жөндеуге мұқтаж. Апат аумақтарына 7406 адам көшірілген, 6007 адам қазіргі уақытта үйлеріне оралған, 882 адам туыстарының үйінде тұрып жатыр, 517 адам уақытша білім және мәдение нысандарына жайғастырылған. Апат салдарынан 2475 ірі қара мал, 16 679 ұсақ мал, 556 жылқы қырылып қалды.

Соңғы жаңалықтар