Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек - Елбасы
«Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Президент ел тату болса, көршілестермен де тіл таба алатынымызды, ішкі бірлігіміз нығайып, барлық жоспарды орындауға мүмкіндік болатынын атап өтті. «Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымызда «тар жерде табысқан, кең жерде кеңеседі» деген сөз бар. Тар замандарда қазақ құшағына алған өзге ұлт өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды», деді Мемлекет басшысы.