«Тәуелсіз Қазақстан және Мұстафа Шоқай мұраттары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді

Мұстафа Шоқай - қоғам және саяси қайраткер, публицист, біртұтас Түркістан азаттығы үшін күрескен идеолог. Ол өзінің бүкіл өмірінде түркі халықтарының бірігуі үшін аянбай күресті.
Конференцияның мақсаты азаматтық тарихымыздың айрықша тұлғасы Мұстафа Шоқайдың тарихи орнын және оның ел дамуына қосқан үлесін байыптау. Түркістан автономиясы мен Алаш Орданың ұлт тарихындағы, тәуелсіздік бастауындағы миссиясын қайраткер, қаламгер М.Шоқай мұрасы арқылы зерделеу. Сондай-ақ саясат пен парасат, тарихи ел бірлігі мен бүгінгі ел бірлігі тұжырымдараларын сабақтастырып, аталған тұлғаның адамзат өркениетіне сіңірген еңбегін қарастыру.
Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына танымал тарихшы ғалымдар, шоқайтанушылар, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, ғылыми-шығармашылық интеллигенция және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Конференция барысында Қазақстан Жастар одағы және халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың түркі халықтарының азаттығы жолында бүкіл ғұмырын сарп еткен аса көрнекті қайраткер, қазақтан шыққан тұңғыш саяси эмигрант Мұстафа Шоқай туралы түсірілген «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді.
Ақын ұйымдастырған «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясы Мұстафа Шоқайдың туып-өскен жері - Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Наршоқы қыстауын, білім алған, сан түрлі саяси оқиғаларға қатысқан Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан қалаларын, жоғары білім алған, саяси қозғалыстарға араласқан Санкт-Петербург, ежелгі Кавказ бойындағы Баку, Тбилиси, Кутаиси, Батуми қалаларын, алғашқы эмиграциялық өмірі басталған Стамбұл, жиырма жылдан астам ғұмыр кешкен Францияның Париж, Ножан-сюр-Марн, Фонтенбло жары Мәриям Шоқай жерленген Шель және жүрегі мәңгі соғуын тоқтатқан Германияның Берлин қалаларын жүріп өтті.
Осылайша, сегіз мемлекеттің мұрағаттарынан жиналған құжаттар деректі фильмнің басты арқауына айналған. Республикалық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге Мұстафа Шоқайдың өмірін зерттеп жүрген белгілі ғалымдардан жасақталған экспедиция мүшелерінің әрбір тарихи орындарда өткізген сан алуан кездесулері, дөңгелек үстел басындағы әсерлі әңгімелері, экспедиция болған мемлекеттердегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшілірімен өткен ресми жүздесулер, Мұстафа Шоқайдың өмір сүрген, еңбек еткен мемлекеттерінде тұратын шет ел ғалымдарымен жүргізілген сан алуан сыр-сұхбаттар деректі фильмнің басты арқауына айналған.
Деректі фильмнің сценарийін жазған әрі режиссері-Қасымхан Бегманов. Музыкасын жазған жас композитор Арман Бексұлтан. Деректі фильмнің Бас кеңесшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.