«Тәуелсіздік» алаңында Қазақстан халқы бірлігі күні атап өтілуде - Көкшетау
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш мереке шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері кездесіп, ынтымақты жұмыс жасаудың жолдары мен әдістерін қарастырды. Сонымен бірге «Жастар қазақстан халқы бірлігі үшін» облыстық форумы, «Біз-Қазақстанның балаларымыз» атты өңір ассамблея жастар қанатының бағдарламасы, «Туған жерім-алтын бесігім» тақырыбында фотобайқау, спорттық іс-шаралар өткізілді. Бүгінде сол игілікті іс жалғасын тауып, әр ұлттық мәдени бірлестік өзінің мәдениетін, әдет-ғұрпын, дастархан мәзірін көпшілік назарына ұсынған. Осындағы түрік мәдени бірлестігінің өкілдері ұлттық киімдерін киіп, ән айтып, би биледі, 21 түрлі тағам әзірледі. Қаз-қатар тізілген 14 дастархан әр ұлттың ас мәзірінен мол мағлұмат береді. Осы төңіректе ересектер мен жастар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап, шымырлар белдесуде. Балғындар үшін сан алуан атракциондар, дискотека, әртүрлі ойындар көңілден шығуда. «Халық бірлігі- ел тірлігі» тақырыбымен қолға алынған Қазақстан халқы достығы фестивалі өнер кешіне ұласқан. Сурет және қолданбалы өнер туындылары көрмесі де ешкімді бей-жай қалдырмауда.