Тәуелсіздік сарайында Денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші ислам конференциясы ашылды

Айта кетейік, бұл шара Қазақстанның ИИҰ-ға төрағалығы аясында өтіп жатыр. Оған 400-ден астам делегат қатысуда. Олардың құрамында Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше 57 мемлекеттің өкілдері мен бірқатар халықаралық ұйымдардың және байқаушы елдердің өкілдері бар.
Алқалы жиын барысында 2012-2022 жылдар аралығында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы іс-қимыл стратегиялық бағдарламасының жобасы талқыланады деп күтілуде. Сонымен қатар 1 қыркүйекке дейін жалғасатын конференция жұмысында медициналық қызмет саласы аясында ИЫҰ елдерінің ынтымақтастығын бұдан ары қарай нығайту мақсатында Астаналық декларация мен бірқатар қарарлар қабылданбақ.
Айта кетейік, дәрі-дәрмек пен вакциналарды өндіру, туберкулез және басқа да қауіпті дерттермен күрес бойынша Ислам Даму банкінің, Ислам сауда-өндірістік палатасының, АҚШ Денсаулық сақтау департаментінің, сондай-ақ басқа да атаулы ұйымдар мен шетелдік ведомстволардың өкілдері сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.