Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық армия ұтқыр және жауынгерлік жағынан қабілетті дәрежеге жетті - ҚХР-дағы әскери атташе С.Құдайбергенов

БЕЙЖІҢ. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінде Отан қорғаушы күнін мерекелеуге байланысты салтанатты қабылдау болды.
None
None

ҚР Қорғаныс министрлігінің ҚХР-дағы әскери атташесі, генерал-майор Сәбит Құдайбергенов өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктеріне тоқталды және Қарулы Күштердің мемлекеттің қалыптасуындағы және қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.

«Биылғы жылы ҚР Қарулы Күштері өзінің құрылғанына 21 жыл толуын атап өтеді. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық армия ұтқыр және жауынгерлік жағынан қабілетті дәрежеге жетті», - деп атап көрсетті әскери атташе. Ол осы оқиғаның құрметіне 7 мамырда, Отан қорғаушы күні мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет Жамбыл облысындағы № 40 «Отар» әскери базасында Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік шеруі өтетіні туралы әңгімеледі.

«Жауынгерлік шеру - әдеттегі әскери шеруден басқаша қару-жарақтарды көрсетудің жаңа түрі, онда әскери техника іс жүзінде қолданылады. Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында мұндай шеру бұған дейін болған жоқ», - баса айтты генерал-майор.

Ол өз сөзінде Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш саясатын атап көрсетті.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда ҚР Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Өткен жылы «ҚР Қарулы Күштері құрылған күн» «Отан қорғаушы күні» деп өзгертіліп, мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды.

Қазақстандық елшіліктің жәрдемімен ҚХР-дағы ҚР ҚМ әскери атташесінің аппараты ұйымдастырған қабылдауға ҚХР Қорғаныс министрлігінің сыртқы істер бойынша кеңсесінің бастығы, генерал-майор Цы Говэй және Қытайда тіркелген шетелдік мемлекеттердің әскери атташелері қатысты.

Соңғы жаңалықтар