Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуіміз керек - Елбасы
Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсыру кезінде айтты.
«Тілді дамытудың жаңа кезеңі басталғанын көздеріңізбен көріп, қолдарыңызбен ұстап отырсыздар. Бұл бағыт өте дұрыс. Айырылып қала жаздаған тіліміз бен дініміз қайтып келе жатыр. Осының бәрі қуанышты жағдай. Тәуелсіздіктің 20 жылдығының табысы болып саналады. Тіктеп келгенде, осы істеп жатқан жұмыстарымыздың бәрі Қазақстан болашағы үшін. Сондықтан біз Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуге атсалысуымыз керек. Сіздер қоғамдағы ауызбіршілікке, татулық пен тыныштыққа тірек болатын азаматтарсыздар»,- деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, зиялылар қашанда ұлттың ұйытқысы, халықтың қаймағы болып келген. «Зиялы» деген сөз жұртшылыққа жарығын түсіретін сәулелі нұрлы адам дегенді білдіреді. «Бұқараға жол көрсетіп, елдің алдында жүрулеріңіз керек. Барлық жағдайда жұрт алдымен зиялы қауымның пікіріне құлақ түреді. Сондықтан зиялы қауымға рух бірлігіне ұйытқы болу, ұйыстыру ісінде зор жауапкершілік жүктеледі»,-деді Н. Назарбаев.