Тауфик Каримов пен Наталья Дементьева Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлығынан босатылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының өкімімен Тауфик Акрамұлы Каримов және Наталья Григорьевна Дементьева Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Наталья Дементьеваның ұлты орыс, 1980 жылы 18 қазанда Ақмола облысының Көкшетау қаласында дүниеге келген.

Білімі-жоғары. 2002 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2010 жылы А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін бітірген.

Педагогика және психология магистрі.

Еңбек жолын 2002 жылы «Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады.

2009-2010 ж.ж. – Абай Мырзахметов атындағы «Арна» Көкшетау колледжінде директордың әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары;

2010-2016 ж.ж. – «Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебі» КММ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары»;

2008-2016 ж.ж. – «Қазақстан» телерадиокорпорациясында редактор, тележүргізуші (қоса атқарушы), Ақмола облыстық филиалы;

01.03.2016-15.01.2021 ж.ж. – «Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектеп» КММ директоры;

2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты болып сайланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған.2023 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIIІ шақырылымының депутаты болып сайланды.

2007 жылдан бастап «NurOtan» («AMANAT») партиясының мүшесі.

Қазақстан халқының бірлігі мен мәдениетаралық диалогты, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі, түрлі іс-шараларды дайындау және өткізу бойынша қол жеткізген жетістіктері үшін:

1. «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2012 ж.)

2. «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен (2020 ж.)

3. «Мейірім» төсбелгісімен (2020 ж.)

4. «Құрмет» орденімен (2020 ж.) марапатталды.

Отбасында бір баласы бар.

Тауфик Каримов 1958 жылы 1 ақпанда бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында туған.

Гурьев қаласындағы педагогикалық институтын (1979), Алматы қаласындағы Саясаттану және басқару институтын (1991), Атыраудағы Мұнай және газ институтын (1995) тәмамдады.

Тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі, әлеуметтік-саяси ережелер оқытушысы, инженер-геолог мамандықтарын игерген.

Әр жылдары Атырау қаласындағы №213 кәсіптік техникалық училищеде оқытушы (1979), Халықаралық жастар туризмі бюросында референт, нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, төраға, Гурьев қалалық комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік ішкі экономикалық компаниясында эксперт, Атырау облыстық әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақстанкаспийшельф» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, Ақтау қаласында «Каспий» Ұлттық Компаниясы АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақстандағы татар және башқұрт конгресі» Республикалық қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы қызметінде болған.

2022 жылдың сәуірінен бері Ассамблея төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Х.Досмұхамедов атындағы университеттің құрметті профессоры.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Бүкіләлемдік татарлар конгресі Ұлттық Кеңесі (Милли Шура) төрағасының орынбасары, Қазақстан, Ресей, Татарстан, Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі.

АҚШ-тың Туссон қаласының құрметті азаматы.


Соңғы жаңалықтар
telegram