Тәжікстан Авиценна атындағы халықаралық сыйлық тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 23 мамыр күні медицина саласындағы «Абуали ибн Сино (Авиценна) атындағы халықаралық сыйлықты» тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Душанбе қаласындағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Президент аппаратының баспасөз қызметінің мәліметінше, сыйлық Тәжік халқының ұлы өкілі Абуали ибн Синоның денсаулық сақтау саласына және әлемдік медициналық ғылымның дамуына қосқан үлесін мойындау мақсатында бекітілген.
— Оның ғылыми зерттеулері, теориялары және практикалық ұсыныстары бүгінге дейін тек ғылыми әрі практикалық маңызын сақтап қана қоймай, жаһандық қоғам денсаулығын нығайтуға ықпал етіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары адамзатты алаңдатып отырған жұқпалы аурулардың алдын алу саласында маңызды рөл атқарады, — делінген хабарламада.
Жарлық сыйлықты тағайындау тәртібін, тиісті ережелерді әзірлеу мен бекітуді және оның қорын құру мәселелерін қамтиды. Бұл бастама тек ел ішіндегі емес, халықаралық деңгейдегі медицина саласының ғалымдарын ынталандыруға бағытталған.
— Бұл сыйлық халықаралық денсаулық сақтау мен әлемдік медициналық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі, — деп мәлімдеді Тәжікстан СІМ.
Бұған дейін бірінші тоқсанда Тәжікстанға шамамен 11 000 қазақстандық турист барғанын жаздық.