17:41, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Тек бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды ? Еуразия банкінің Басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тек бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды. Дағдарыстан кейінгі тірлікті де ойлау керек, деді «Еуразия» банкінің Басқарма төрағасы Жомарт Ертаев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз Үкімет басшысының порталынан банкке қатысты алғаш рет бір қызық шағымды оқыдық. Онда шағымданушы дағдарыс жағдайында Еуразиялық банктің өкілдері Канн фестиваліне барып өздерінің «Eurasian Diamond Card» гауһар картасын таныстыруда деп арызданған. Елбасы атап көрсеткендей, біз қазір дағдарыстан кейінгі тірлікті де ойластырумыз керек қой. Кейбір елдерде мемлекет банктерді өз қарамағына алып жатқан кезде Борат есімінен басқаны естімеген адамдар үшін қазақстандық банктің әлемде алғаш рет гауһар Visa картасын шығаруын қуана қабылдаған жөн шығар», дейді Жомарт Ертаев. Еуразия банкінің Басқарма төрағасының айтуынша, оны таныстыру кезінде банктің жаңа өніміне қызығушылық білдірген адамдар әлемдік шоу-бизнес пен спорт жұлдыздары арасында аз болмаған. «Жалпы, мұндай шаралар ең алдымен елдің беделін көтеру үшін керек. Оны Қазақстанның әлемдік дағдарысты еңсере алғанын айғақтайтын көрсеткіш деп бағалау қажет. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу туралы өз амбициясынан айнымағанынын көрсетеді», дейді Жомарт Ертаев.