13:45, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Темір жол, автокөлік, ішкі су көлігі және теңіз кемесінде жүзу салаларын реттеуді көздейтін заң жобалары дайындалуда
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Парламенттен Көлік кодексі жобасының және соған ілеспелі заң жобаларының кері шақырылып алынуына байланысты көлік саласының біраз мәселелері заңнамалық жағынан реттелмей қалды.
Бұл пікірді бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Парламентте өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттарына мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көлік кодексі жобасының кері қайтарылуына байланысты Үкіметтің заң жобалау жөніндегі 2009 жылға арналған жоспарына сәйкес көлік саласында бірқатар заң жобаларын әзірлеу міндеті көзделген. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиацияның қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының авиация мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары дайындалатыны жоспарланған.
Министрдің айтуынша, еліміздің кейбір заңдарына көлік мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы темір жол, автомобиль жолы және автокөлік, сонымен бірге ішкі су көлігі және теңіз сауда кемесінде жүзу салаларындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң жобасы құқықтық кемшілікті жою, тасымал үрдісін және көлік қызметін мемлекеттік тұрғыдан реттеу жүйесін жетілдіру, сонымен бірге қолданыстағы заңнаманы халықаралық нормаларға сәйкестендіру мақсатымен жасалған.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы» заң жобасын әзірлеу қазіргі күнгі қолданыстағы екі заңның ережелерін біріктіреді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиацияның қызметі туралы» және «Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы» заңдар.
«Бұл аталған заңнамалық актілердің тақырыптарын бірыңғай нормативтік құқықтық актіге біріктіру қажеттігінен туындап отыр. Бұл азаматтық авиацияның заңнамасын жүйелеуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ҚР Көлік және коммуникация министрі Ә. Құсайынов.