Теміртауда мемлекетаралық іздеуде болған ОҚО-ның тұрғыны ұсталды

Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицияның берген мәліметіне қарағанда, жуырда Теміртаудың ауруханасына түнгі сағат 11 шамасында кеуде тұсына сұғылған пышақ жарақатымен 29 жастағы қала тұрғыны жеткізілді, алайда көп ұзамай ол көз жұмды. Полиция қызметкерлері күдіктіні «ізі суымай» ұстады.
«Патрульдік полиция батольоны мен ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, өткен жылдың қаңтарынан бастап ҚР ҚК-нің 121-бабы (Нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер) бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген Оңтүстік Қазақстан облысының 41 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Мәлім болғандай, сағат шамамен 22.00-де дәмхана маңайында ер адамдар арасында туған даудан кейін, ұсталған азамат пышақ сұққан», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.