21:38, 25 Мамыр 2016 | GMT +5
Теміртауда өрт салдарынан екі әйел мен 9 жасар қыз зардап шекті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Теміртау қаласында көп қабатты тұрғын үйде шыққан өрттен үш адам зардап шекті. Бұл туралы қалалық ТЖБ хабарлады.

«24 мамырда сағат 04.29-да «101» желісіне 7 шағын ауданның 27-ші үйінде өрт шыққаны туралы хабар түсті. 7 минуттан кейін оқиға орнына 22 өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы жетті. 4-ші қабаттағы пәтер отқа оранғаны анықталды. Отпен арпалысумен қатар құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды», - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, 29 адам эвакуацияланды және 6 адам құтқарылды. Үш тұрғын зардап шекті.
«Сағат 4:48-де өртенген пәтерден 1951 және 1971 жылдары туған әйелдер, 2007 жылы туған қыз табылды. Олар дәрігерлерге тапсырылды. Қазір жапа шегушілер Қарағанды және Теміртаудың медициналық мекемелерінде», - деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар басқармасынан.