Теміртауда өткен Президенттік олимпиадада елорданың 5 оқушысы жүлделі орынға ие болды
Қазақ елінің жаңа тарихына жол ашқан Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірінде Теміртау қаласының қаншалықты елеулі орын алатындығы баршамызға мәлім. Көптеген армандарға жол ашқан, қиялдарға қанат бітірген, аңызды ақиқатқа айналдырған Теміртауда аталған олимпиаданы өткізу еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қатысқан жоғары сынып оқушыларына Қазақстан металлургиясының орталығымен, сонымен қатар Бірінші Президенттің тарихи-мәдени орталығымен танысуға мүмкіндік беріп, рухани жағынан нығайта түскені анық.
Биыл Президенттік олимпиадаға 165 оқушы қатысты. Оның ішінде Астана қаласынан 12 қатысушы болды.
Олимпиада қызықты да тартымды өтті. Нәтижесінде, Астана қаласының 5 оқушысы жүлделі орындарды қанжығаларына байлап қайтты.
Білім басқармасының басшысы Эльмира Амангелдіқызы Суханбердиева олмипиадада І орынды иеленген №60 мектеп-лицейдің оқушысы Әскерғали Әнуарға, ІІ орынның иегерлері - №38 мектеп-лицейінің оқушысы Омаров Талғатқа, №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Слейманов Амирге, ІІІ орынды иеленген №9 дарынды балалар мектебінің оқушылары Айтымова Мадина мен Убингажибов Айдынқанға Астана қаласының әкімі атынан Дипломдар мен планшеттерді салтанатты түрде табыс етті.
Марапаттау рәсімі өзара түсіністік атмосферасында өтіп, Олимпиада жүлдегерлері Басқарма басшысының ақыл-кеңестері мен шын жүректен айтылған құттықтауларын саналарына сіңіріп қайтты.