Теміржол өтпелеріндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен теміржол өтпелеріндегі қозғалыс қауіпсіздігі мәселесі бойынша кеңес өткізді,
None
None

деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Жиналыста Көліктік бақылау комитеті теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының бастығы Берік Істлеев баяндама жасады. Онда ағымдағы жылы теміржол өтпелеріндегі жол-көлік оқиғаларының көбейе түскендігі атап өтілді.

Осылайша 2010 жылғы 8 ай бойынша теміржол өтпелерінде 26 жол-көлік оқиғасына жол берілген (2009 жылы - 20 ЖКО), соның салдарынан 26 адам жарақат алды (2009 жылы 12 адам) және 4 адам қайтыс болды.

Кеңесте Павлодар облысындағы күзетілмейтін өтпеде биылғы шілденің 20-да болған жол-көлік оқиғасының себептері қаралды. Онда автомашина жүргізушісі қаза болып, 29 жүк вагоны рельстен шығып кеткен болатын.

Теміржол өтпелерінде болған барлық ЖКО автокөлік құралдары жүргізушілерінің кінәсінен болғандығы анықталды.

Көліктік бақылау комитеті автокөлік иелерімен жұмысты күшейтумен қатар, теміржол көліктері ұйымдары семафордың тыйым салу белгісінен автокөліктің заңсыз өтуі бойынша қосымша шараларды қабылдау қажет деп есептейді.

Барлық теміржол өтпелерінің кіреберісіне жасанды кедір-бұдыр жол жасау немесе өтпелерді арнайы қоршау құралдарымен жабдықтау мәселесі қаралды.

Ағымдағы жылы көліктік бақылау органдары 366 теміржол өтпесін тексерді, оның барысында оларды күтіп-ұстауда 749 бұзушылық анықталды, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес 364 553 теңгеге айыппұл салынды.

Кеңес қорытындысы бойынша теміржол өтпелеріндегі қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралар бекітілді.

Соңғы жаңалықтар