Теміржолшылар ардагерлерге сый-құрмет көрсетті
Осындай игі шараны Қызылорда теміржол бөлімшесі әкімшілігі теміржолшылар кәсіби одағы филиалымен бірлесе отырып жасады. Сөйтіп, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының есебінен өңірдегі 56 соғыс ардагеріне - 30 мың теңгеден, ал тыл ардагерлеріне 10 мың теңгеден ақшалай сыйлық тапсырылды.
Сондай-ақ теміржол мекемелерінің басшылығы ардагерлердің тұрғын үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге, ауызсу мен жылу құбырларын үйге кіргізуге және оларды жаңартуға көмек көрсетуде. Оған қоса ардагерлерге түрлі-түсті теледидар, мүгедектерге арналған арба, есту аппараттары және байланыс телефондары сыйға тартылды.
Осындай марапатқа ие болғандардың бірі қала тұрғыны, еңбек ардагері Өтеубай Ордабаев Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ардагерлерге жасалып жатқан ерекше құрмет үшін Қызылорда жол бөлімшесінің директоры Съезбек Әлішевке шексіз алғысын білдірді. Ол «Ремпассажирвагон-1» ЖШС-нің әкімшілігі тізімде тұрған ардагердің тұрғын үйін жөндеуден өткізіп бергені үшін дән риза.