Теңгеміздің тұрақтылығы экономиканың дамуымен тығыз байланысты - Б.Ізбасаров, БҚО
-Кез келген тәуелсіз мемлекеттің өз валютасы бар. Валюта - егемен елдің ажырамас нышаны, деді ол. Бүгінде үш ел болып Кедендік одақ құрып, өзара сауда, экономикалық байланыс орнатудамыз. Осыған орай кедендік кеңістік аясында ортақ айналым валютасы шығарылып, төл теңгеміз жойылып кетпей ме деп қауіптенушілер кездеседі. Еуропаның 17 елі бірігіп, еуроны қолданысқа шығарғандағы жағдай Грекия, Италия, Англия, Франциядағы берекетсіз тірліктен көрініп қалды. Әр елдің экономикалық өсу қарқыны түрліше болады. Сондықтан елдердің экономикалық дамуының түрлі деңгейі, ішкі заңдарының қалыптасу ерекшеліктеріне орай кедендік кеңістіктегі үйлесімсіздіктер реттелу үстінде. Теңгенің тұрақтылығы негізінен ел экономикасымен тығыз байланысты. Экономикамыз шикізаттық бағытта дамығандықтан, қолдағы барды ұқсату, өндіріс орындарын қалыптастыру үшін индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Егемендік алғаннан кейін, мұнай мен газды игере бастадық. Бірақ мұнайгаз қоры жеткілікті болса да, елде жанар-жағармайдың тапшылығы ара-тұра сезіледі. Сондықтан осындай олқылықтарды жою, шикізаттық бағдардан өңдеуге көшу үшін сырттан инновациялық технологияларды трансферттеу мәселелері қолға алынып отыр. Міне, теңгемізді тұрақтылығы экономикамыздың дамуымен тығыз байланысты дейтініміз сондықтан. Отандық өнімдерді экспортқа қаншалықты көбірек шығарсақ, ақша қаражаты елімізге молынан келеді. Бүгінде сыртқа шығарылған мұнай-газдан, металлдан Ұлттық қорға 86 млрд. доллар қаржы түсті. Осы алтын қорымыздың есебінен теңгеміздің тұрақтылығы қамтамасыз етіліп келеді. Дүние жүзінің елдерімен тығыз байланыс жасап, өнімдерімізді шығарып, содан түскен қаржыны ел игілігіне, халықтың жағдайын жақсарту бағытына жұмсаудамыз. Теңгенің мерекесі тек Ұлттық банктің емес, халықтың, бәріміздің ортақ мейрамымыз. Теңгеміз айналымға шығып, көзіміз ашылды. Инфляция деңгейі төмендеді, қазір тұрақтады.
-2007-2008 жылдарындағы қаржылық дағдарыс кезінде халық банктердегі жинақ ақшасын теңгеден долларға ауыстырды. Одан бергі уақыт ішінде теңге тұрақтады, жұрттың теңгеге деген сенімі қаншалықты артты?
-Бір жағынан, теңгенің тұрақтылығы халықтың сеніміне де байланысты. Инфляция деңгейі жоғары болғанда, ұлттық валюта девальвацияға кетеді, құнсызданады. Ал қазір жаңа айтып өткеніміздей, екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріндегі халықтың салымдарының 68-70 пайызы теңге түрінде, қалған 30 пайызы доллармен салынған. Мұның өзі теңгеге деген нық сенімді көрсетеді.
-Еліміздің бас банкирі зейнет жасын көтермесе, Қазақстанның зейнетақы жүйесі банкротқа ұшырауы мүмкін екендігін айтты. Бұған қатысты өзіңіздің ұстанымыңыз қандай?
-Жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда, Ұлттық банк төрағасының пікірінің жаны бар. Бірақ оған көптеген фактор әсер етеді. Елді мекендерде тұрғындарға жұмыс жоқ. Оларға зейнетақы төлемдері аударылмайды. Қаланың өзінде коммерциялық құрылымдарға жалданып жұмыс істейтін құрылысшы жігіттер еңбекақыларын қолма-қол алады да, зейнетақы қорларына ешқандай аударымдар жасалмайды. Олардың жинағы жоқ, зейнет жасына келгенде қайтеді? Сондықтан, менің ойымша, мәселенің осы жақтарын заңды түрде реттеп алуымыз керек.
-Соңғы мәліметтерге жүгінсек, еліміздегі көлеңкелі экономикадағы қаржы айналымында 30 млрд. доллардан астам қаржы жүр екен. Осы ақшаны айналымға шығару шаралары алынуда деседі.
-Иә, сауда-саттықты электронды ақшамен, пластикалық картамен жасау жұмыстарына талап күшейтілуде. Күні бүгінге дейін кәсіпкерлер пост-терминал орнатуға жүрдім-бардым қарап келді. Сауда орындарынан тауар алып, пост-терминалмен есептесетін болсақ, ол сол орталықтың қожайыны, кәсіпкердің есеп айырысу шотына түседі де, сол бойынша салық төлейді. Енді жаңа жылдан бастап сервистік қызмет көрсету, сауда орындарында, қонақ үйлері мен мейрамханаларда пост-терминалдар болуы тиіс. Салық органдары оның бар-жоғын мықтап тексеретін болады.
-Банк саласы ұлттық валюта күні мерекесіне қандай жетістіктермен келді?
- Облыс тұрғындарының тұтынушылық несие бойынша банктерге қайтара алмай жүрген қарызы 7-8 пайыз шамасында. Республика бойынша бұл көрсеткіш жоғарырақ. Осыған қарап, облыс экономикасының дамуының тұрақтылығын, жұмыссыздық деңгейінің төмендегенін бағамдауға болады. Қазір ипотекаға үй алу жақсы жүруде. Соның ішінде «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ақша жинақтауға ден қоюшылар қатары көбейіп отыр. Банктер экономиканы дамытуға, өндіріс орындарын ұзақ мерзімдік несиелендіруде, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бизнесті несиелеуге өз үлестерін қосуда деп мақтанышпен айта аламыз.