Теңгенің жаңа бағамы валюталық резервті құтқарады
Мұндай пікірді бірқатар отандық сарапшылар да қостап отыр. Ең бастысы, олардың айтуынша, теңгенің жаңа бағамы валюталық резервті құтқарады. LS электрондық журналы жазғандай, қазақстандық сарапшы Дмитрий Лукашов ел Үкіметі теңгені еркін айналымға жіберетін уақытты дәл таңдағанын айтады. Оның пайымдауынша, егер теңгені қайта бағалайтын болсақ, онда Қазақстан өзінің валюталық резервінің бір бөлігін жоғалтатын еді. Егер де ұлттық ақшамыз дұрыс бағаланбаған жағдайда тұтынушылық қабілетінің төмендеуіне қарай халықтың табысы азайып кетеді. (Жуырда Елбасы Н. Назарбаев 2015 жылдың басынан бері теңгені қолдауға Ұлттық қордың есебінен 10 млрд. теңге жұмсалғанын мәлімдеді).
«Ұлттық ақшаны еркін айналымға жіберу тәжірибесін әлемде көптеген елдер тиімді пайдалануда. Өйткені, ұлттық валютаның құнын ешкім де алдын-ала дәл есептей алмайды. Бұл тек нарықтың құзырында. Менің болжауымша, алдағы күндері 1 доллар 220 теңге көлемінде қалыптасады. Әрине, бұл тек жорамал ғана. Нақты бағамды валюталық нарық қана белгілейді. Айта кетелік, ұлттық ақшаның құнсыздануы мұнайгаз компанияларының шығындарын азайтып, көмірсутегінің өндірісі мен экспортының көлемін ұлғайтуға жол ашуы мүмкін»,- дейді Д. Лукашов.
Отандық тағы бір сарапшы Ерлан Ибрагимнің пікірінше, теңгеге қатысты мұндай шара ортамерзімдік келешекте ел экономикасына жағымды әсерін тигізеді. «Біз қазір Қазақстаннан ресейлік экономикаға капитал ағынының бәсеңдегенін көріп отырмыз. Өткен жылы ол керісінше, ұлғайған болатын. Бірақ теңгенің бағамын еркіне жіберу отандастарымыздың тұтынушылық қабілетін төмендетуі мүмкін. Доллардың жаңа бағамына қарай бағалар бейімделгеннен кейін, сатылым көлемі айтарлықтай кемитіні сөзсіз. Алайда, резервтік валютаға шаққандағы ұлттық валюта бағамын «қолмен» шектеуге әлемдегі ешбір банктің шамасы жетпейді. Сондықтан ұлттық ақшаны еркін айналымға жіберу - бұл нарықтық экономика жағдайындағы бірден-бір тиімді тәсіл»,- дейді Е. Ибрагим.
Тәуелсіз экономист Дмитрий Жуков бүгінгі теңге бағамына біз тезірек көндігіп үлгеруіміз керек деп санайды. Өйткен себебі, мұндай шара ең алдымен, ресейлік және қытайлық тауарлардың демпингілік (тауарды әдейі арзандатып сату) әсерінен әлсіреген отандық азық-түлік және тұтыну тауарларын өндірушілерге үлкен жәрдем болмақшы. «Егер де теңгенің құнсыздануы нәтижесінде түптеп келгенде, ішкі нарығымызда теңгенің өтімділігі ұлғаятын мүмкіндік туса, онда ел Үкіметі мен Ұлттық банктің бұл әрекеті экономика үшін жалпы тиімді болды деген сөз»,- деп ой қорытты Д. Жуков.