Теңіз инфрақұрылымы - экспорттық әлеуеттің негізі

Ағымдағы жылдың қазан айындағы Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Ақтау портын кеңейту жобасымен танысып, «Боржақты-Ерсай» темір жол желісінің құрылысын бастауға рұқсат берді. Жаңа темір жол жүйесі Құрық портындағы паромдық кешеннің құрылысын жүргізуге және жағалау аймағында бірнеше индустриалдық жобаларды жүзеге асыруға инфрақұрылымдық негіз бола алады. Ең бастысы, осы жобалардың барлығын іске асыру нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы алғанда, еліміздің экспорттық-транзиттік әлеуетінің торабы болып табылатын Маңғыстау облысының темір жол және порттық инфрақұрылымын дамытуға соңғы 5 жылда салынған инвестициялардың көлемі 200 млрд-тан астам теңгені құрайды.
Жаңа темір жол желілерін салу - уақыттың талабы. Өйткені, Қазақстан Қытай мен Еуропа елдерінің арасында орналасқан мемлекет.
«Хромтау-Алтынсарин», «Жезқазған-Бейнеу» темір жол желілері Қытайдан, тіпті арғы жағында Тынық мұхитынан келетін жүктерді тасымалдауға аса қолайлы. Түркіменстан мен Иран аумағы арқылы біз Парсы шығанағы елдеріне шығамыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы сапары кезінде.
Жоғарыда аталған екі темір жол бағытының түйісуі биылғы 2-3 желтоқсанға жоспарланған. Осы жобаларды жүзеге асыратын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның президенті Асқар Мәминнің айтуынша, «Арқалық-Шұбаркөл», «Жезқазған-Бейнеу» темір жол желілерін пайдалануға беру, сондай-ақ «Қорғас-Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағын дамыту арқылы Қытай-Еуропа, Қытай-Парсы шығанағы елдері, Қытай-Иран бағытындағы жүк тасымалдаудың жаңа логистикалық тізбегі құрылады. Әрине, бұған алдын-ала дайын болу үшін, Каспий маңындағы көлік инфрақұрылымын тездетіп дамытуға тиіспіз.
Еліміздің теңіз инфрақұрылымын дамытуда басты назарда тұрған мәселе - Ақтау портын кеңейту жобасы. Портты кеңейтудің жалпы ауданы - 22 гектарды құрайды. Жобаның құны - 38 млрд. теңге. Атап айтқанда, жылдық қуаты 1,5 млн. тонна болатын астық терминалын салу есебінен жүктерді ауыстырып тиеу көлемінің қуатын жылына 19,5 млн. тоннаға дейін жеткізу қарастырылуда. Сондай-ақ, негізгі жүктер мен контейнерлерге арналған жылдық қуаты 1,5 млн. тонналық тағы екі терминал салынады. Себебі, Каспий аймағындағы елдердің барлығы 2020 жылға дейін өз порттарының қуатын орташа есеппен 1,5-2 есеге дейін ұлғайтуға ұмтылуда.
Порттық инфрақұрылымды кеңейтудегі келесі қадам - Құрық портында паромдық кешен салу. Терминалдың ауданы - 20 гектар, жобаның құны - 16,4 млрд. теңге. Жоспар бойынша порттың құрылысы 2016 жылы толық аяқталады. Бұл жерде «Боржақты-Ерсай» темір жолының Құрық портын салу үшін ойластырылғанын аңғару қиын емес. Ұзындығы 14 шақырымға жуықтайтын шойын жол 2015 жылдың жазында салынып бітеді. Бұл жобаны іске асыруға 10 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Атап айтарлығы, осынау еліміз үшін маңызды жұмысты «Теміржол жөндеу» ЖШС өз міндетіне алмақ. Өйткені аталған ЖШС бұған дейін «Хромтау-Алтынсарин», «Өзен-Түркіменстанның мемлекеттік шекарасы», «Шалқар-Бейнеу» сияқты теміржол бағыттарын салуға белсене қатысты. «Теміржол жөндеу» ЖШС-інің бас директоры Саянтай Ерғожиннің айтуынша, «Боржақты-Ерсай» желісінің бойында екі станса және «Шар» құрылыс-монтаждау кәсіпорны бой көтереді. Ал Құрық портының әлеуеті мен келешегі өте зор. Сарапшы-мамандар бұл портты отандық кеме салу және жөндеу өндірісіне, сондай-ақ Каспий теңізіндегі мұнай операцияларын қолдауға пайдалануға болатынын айтуда.
Әмірлан Әлімжан