Теннис: Заңғар Нұрланұлы Франциядағы жарыстың финалына шықты
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бұл айтулы жарыста кезінде Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис сияқты мықтылар жеңімпаз атанған еді.
Дода барысында Заңғар әуелі аустриялық Максимиллиан Хейдельмайердің меселін қайырды – 7:6 (7:4), 6:3. Сосын Францияның жасөспірімдер арасында бірінші ракеткасы Лени Кутурьені ұтты – 7:5, 6:7 (5:7), 6:4.
Ширек финалда Нұрланұлы Ресейдің жарық жұлдызы Сава Рыбкинге бірде-бір гейм бермей, тас-талқан етті – 6:0, 6:0. Ал жартылай финалда ливандық Даниэль Жадтан айласын асырды – 6:1, 6:2.
Бүгін Заңғар Нұрланұлы финалда (елорда уақытымен сағат 20.00-де басталады) тағы бір франциялық Тимео Труфеллимен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Дэвис кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алғанын жазған болатынбыз.