13:35, 04 Шілде 2013 | GMT +5
Тілшіге шабуыл жасаған аудан депутатына қатысты қылмыстық іс қозғалды - ОҚО
ШЫМКЕНТ. 4 шілде. ҚазАқпарат - Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты тілшіге шабуыл жасады деп айыпталуда. Оқиға 19 маусым күні орын алды.
Депутат «Ел бірлігі» республикалық газетінің тілшісі Дәурен Мұстафинге қоқан-лоқы көрсеткен.
Тілші халық қалаулысынан сұхбат алуға талпынған. Бірақ депутат өзінің бірнеше көмекшісімен бірге журналистен фотоаппарат жадысының картасын тартып алып, оны көлікке отырғызған және бетінен ұрғылай бастаған. Журналист қашып құтылып, тәртіп сақшыларына арызданды. Оның денесіндегі жарақаттарды сот сараптамасы дәлелдеп отыр.
Шымкент қаласы әл-Фараби АІІБ бастығының орынбасары Серік Ергешевтің айтуынша, халық қалаулысы мен мен оған көмектескен 3 тұлғаның үстінен «Өзінше билік ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша оларға үш жылға дейін бас бостандықты шектеу немесе 5 жыл мерзімге дейін бостандықтан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.