11:13, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
ТМД аумағында жемқорлықпен күресудің қазақстандық үлгісі қалыптасты ? ҚР Есеп комитеті
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі іс-тәжірибесі ТМД елдері үшін үлгіге айналып отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында қаржы бақылау органдары мен қадағлау органдарының өзара іс-қимылы» конференциясы барысында ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжілісті ашқан О. Өксікбаев елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында атқарылып жатқан шаралар жайында айта келе: «Бүгінде жаңа ақпараттық технологиялардың дамуымен жемқорлық сияқты қоғамдық дерттер трансшекаралық сипатта орын ала бастады. Осының нәтижесінде қылмыстық топтардың әлеуеті өсуде. Сондықтан біз осы сипаттағы қылмысқа қарсы бірлесіп жұмыс істеуге міндеттіміз», деді О. Өксікбаев. Конференцияға Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның қаржы бақылау органдарының жетекшілері қатысуда.