21:24, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
ТМД сарапшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылайды
МИНСК. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат – Минскіде ТМД Атқарушы комитетінде мамырдың 26-сы мен 27-сінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру туралы келісімнің жобасын келісу бойынша сарапшы топтың отырысы болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ТМД Атқарушы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Келісімнің жобасы ТМД-ны одан әрі дамыту Тұжырымдамасын іске асыру бойынша негізгі іс-шаралар жоспарын және 2008-2010 жылдарға арналған қылмысқа қарсы күрес жүргізудің бірлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген. Сарапшылардың мұның алдында наурызда өткен отырысында Келісімнің жобасы негізінен келісілген болатын.Достастық елдері бір-біріне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы жөніндегі қылмыстық және азаматтық істер бойынша көмек көрсетуді, сыбайлас жемқорларды іздеу және активтерін қайтару жөнінде бірлескен шаралар жүргізуді, жедел ақпарат, нормативтік құжаттар алмасуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ тиісті бағдарламалар әзірленіп, кадрлар даярлау және олардың біліктілігін көтеру мәселелері қарастырылатын болады. Құжат ТМД әрбір елінің ол қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды. Келісім күшіне енгеннен кейін оның мақсаттары мен принциптерін бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық болады.