19:13, 06 Мамыр 2013 | GMT +5
Тоғызқұмалақ ойыны кеңінен таралып келеді - Ә.Бәйменов, халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының президенті
ОРАЛ. 6 мамыр. ҚазАқпарат - БҚО-ға жұмыс сапары кезінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов Орал қаласындағы мұз айдыны сарайында өткен тоғызқұмалақтан облыстық чемпионатты тамашалап, жеңімпаздарды құттықтады. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

«Соңғы жылдары мемлекеттің жүйелі жүргізген саясаты, кейін осы істі жекелеген азаматтардың белсенді қолдауы нәтижесінде тоғызқұмалақ ойыны жаңғырып, өрісін кең жайып келеді. Оған дәлел - ойынның бұл түрінен әлемдік екі жарыс пен үшінші Азиялық ойындардың өтуі. Спорт мектептерінде тоғызқұмалақ сабақтары өткізілуде. Тоғызқұмалақ ойынының ахуалы Батыс Қазақстанда айрықша. Өйткені облыс әкімдігі тарапынан оған ұдайы көңіл бөлінеді», деді халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Мұхамедияұлы.
Соңынан Әлихан Бәйменов пен Нұрлан Ноғаев, Алтай Көлгінов чемпионатта тиісінше жүлделі орындарды иеленген Орал қаласы және Бөрлі, Қаратөбе аудандарының командаларын марапаттады. Сонымен бірге жас спортшыларға кәдесый табыс етілді.