Тоқтар Төлешов Атыраудағы «жер митингілерін» қалай қаржыландырғанын айтып берді

Бүгінгі отырысқа шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов куәгер ретінде қатысып, соттың жауаптарына Астана қалалық сотынан онлайн-көрсетілім арқылы жауап берді. Отырыс М.Боқаев қорғаушысының сотқа төрағалық етуші судья Г.Дәулешоваға наразылығымен басталды. Дегенмен, қорғаушы тараптың өтініші қанағаттандырылған жоқ.
Сот отырысына куәгер ретінде қатысқан Т.Төлешов биыл 24 сәуірде Атырауда Талғат Аянов пен Макс Боқаев өткізген заңсыз шеруді өзі қаржыландырғанын толық мойындады. Соттағы жауабында ол өзінің билікті күшпен басып алудағы жоспарлары, Талғат Аяновты қалай тауып алғаны, Атыраудағы шеруді қалай қаржыландырғаны туралы әңгімелеп берді. «Мен ұзақ уақыт бойы Қазақстандағы билікті өзгертудің мүмкіндіктерін зерттедім. Елде Вице-Президент лауазымын енгізіп, ол қызметті өзім атқаруды жоспарладым. Сондықтан, заңнамалық базамен танысып, өз көмекшілеріме жаңа лауазымды енгізу жолдарын анықтау тапсырмасын бердім. Біз бұны қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен депутаттық корпус арқылы жүзеге асыруды жоспарладық. Бұл мақсатыма жету үшін маған халық толқуларын ұйымдастыру қажет болды. Кейіннен өз беделімді көтеріп алған соң, ол толқуларды тоқтатуды ұйғардым. Халықты жаппай көтеру үшін қоғамда әлдебір әлеуметтік жарылыс жасау керек деп шештім. Сол сәтте қоғамда әбден пісіп-жетілген жер мәселесін таңдадым. Жерге қатысты 2015 жылы күзде ресми шешім қабылданған соң, 2016 жылы елімізде жер реформасы іске асырылатынын білдім», - деді жауабында Т.Төлешов.
Т.Төлешов осы сәтті пайдаланып, жер тақырыбын желеу етіп, халықты билікке қарсы көтеруге шешім қабылдаған. Ол туған жерге деген сүйіспеншілігі зор әр қазақ пен қазақстандықтың қарсылығы мен ашу-ызасы халықтан тез қолдау табатынын және сайып келгенде елдегі ахуалды тұрақсыздандыратынын жорамалдағанын айтты. Сөйтіп, шымкенттік кәсіпкер ахуал қатты ушыққан кезде халықтық толқуларды Талғат Аяновтың көмегімен өзі тоқтатып, басты мақсатына жетуді көздейді. Осылайша, ол БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдармен танысып, танымал және тәжірибелі белсендіні іздестіргенін де жасырмады. Кәсіпкердің назары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында және тағы басқа мәселелер бойынша бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген, атыраулық қоғам белсендісі Талғат Аяновқа түседі.
«Бұл жерде Атырау өңірі жайдан-жай таңдалған жоқ. Сол кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Атырау қаласында шеру ұйымдастырады деген ой ешкімнің басына келмес еді. Және де Батыс Қазақстанда халық басқа өңірлерге қарағанда белсендірек болып келеді. Мақсаттарымды іске асырмақ болып, өз көмекшім Н.Досанбаевқа Талғат Аяновқа ақша жіберуді тапсырдым. Сондай-ақ, Т.Аяновқа жер мәселесіне қатысты хаттарды қоса жөнелттім»,- деді Т.Төлешов. Куәгердің айтуынша, оның Атыраудағы танысы Т.Аяновпен байланысқа шығады. Ол Талғат Аяновпен «тілдесуде» мән-жайды түсіндіріп, артынша ақша ұсынады, ал Т.Аянов ұсынысқа бірден келіседі. Талғат Аянов бастапқыда 150 мың АҚШ долларын сұрайды.
«Талғатпен келіскен соң, мен өз қызметкерім В.Волковты шақырып алып, Н.Досанбаевқа 150 мың АҚШ долларын беруді тапсырдым. Кейіннен ойланып, 50 мың долларды қосымша шығындарға сақтап қоюды ұйғардым. Сол себептен Досанбаев ол ақшаны өзінде қалдырып, 100 мың долларды қолма-қол ақша түрінде Т.Аяновқа жіберді. Ақшаны Атырауға жеткізуді Досанбаев ұйымдастырды. Желтоқсанның соңында Н.Досанбаев арқылы О.Бекбауов ақшаны Атырауға барып, ақшаны желтоқсанның соңында Аяновтың өз қолына тапсырды. Көмекшілерім жоспар туралы ештеңе білмеді. Қаржыны қадағалаған жоқпын, өйткені мен елде миллиардтап табыс табатын бірде-бір кәсіпкер болдым. Бұл қаржыға мен Т.Аяновтың жер мәселесіне қатысты дөңгелек үстелдер, конференциялар, басқа да шаралар мен митингтерді ұйымдастыруын қаладым. Ал митингтердің заңды, заңсыз өтетіндігі маған маңызды емес болды. Талғатпен жеке таныс емеспін, онымен ешқашан сөйлескен жоқпын», - деп мәлімдеді «Шымкент-Сыра» ЖШС экс-басшысы.
Т.Төлешов сотта қауіпті болғандықтан Атыраудағы жолдасының есімін атаудан бас тартты. Сондай-ақ, ол сотта қысым жасалмағанын айтты. Сот процесінде Т.Төлешов заңсыз шерудің неліктен 2016 жылдың сәуірінде өткізілгенін айтып берді. Шымкенттік кәсіпкер шеруді қысты күні 2015 жылдың соңында немесе 2016 жылдың басында өткізудің реті келмейтін еді дейді. Алдымен тақырыпты халықтың арасында кеңінен таратып, әлеуметтік желілерде қажетті жұмыстар жүргізіп, халықтың қарсылық көңіл-күйін қалыптастыру керек болатын. Және де Т.Төлешов өз сөзінде Макске шеру жөнінде ешқандай нұсқау бермегенін, ең негізгісі Талғаттың Атырау өңірінде үлкен беделге ие екенін айтып берді. Дегенмен, оның Макспен байланысы барын білгенін жеткізді. Ал сот процесінің соңына қарай Талғат Аяновтың өзі белсенділігімен танылғандықтан Т.Төлешовтың назары оған ауғанын мойындады. Ол Атыраудағы толқу еліміздің басқа қалаларында да толқулардың өтуіне себепкер болғанын айтты.
Еске сала кетсек, 2016 жылдың сәуір айында Т.Аянов пен М.Боқаев жер заңнамасына қоғамның қызығушылығы артқан сәтін пайдаланып, «жер мәселесі» бойынша қарсылық акцияларын ұйымдастырған. Айыпталушылар Т.Аянов пен М.Боқаев тұрғындарды жер тақырыбына еліктіріп, халықтың патриоттық сезімін өз жеке басының мүддесіне пайдаланып, «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында «ел басшылығы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компаниялардың жекеменшігіне айналдыруды жоспарлауда» деген сипаттағы жалған ақпарат таратқан. Сотқа дейінгі тергеу шараларының нәтижесінде М.Боқаев пен Т.Аянов жер мәселесіне қатысты арнайы құрылған жер комиссиясының отырысына қатысудан бас тартып, Жер кодексіне енгізілген түзетулерді алып тастауға қарсылық білдіру үшін жұртты 21 мамырда қарсылық акциясына шығуға шақырғандығы да анықталды.
Көктемде қамауға алынған М.Боқаев пен Т.Аяновтың ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.