15:10, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Топтасып төбелестен бір жасөспірім мерт болды
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) -
Наурыз айының 12-сінде сағат 00.30 шамасында полицияның түнгі шолғын қызметкерлері қаланың Қорқыт ата және Қ.Ясауи көшелерінің қиылысында топтасып жүрген жасөспірімдерді байқап қалады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шұғыл хабарлама түсісімен облыстық ішкі істер департаментінің қызметтегі барлық күштері оқиға орнына жедел жеткенде төбелесіп жатқан жастар жан-жаққа қаша жөнеледі. Құқық қорғау қызметкерлері сол жерде басынан ауыр жараланған №217 мектептің 10 сынып оқушысын ауруханаға жөнелткенімен, бозбала ауыр жарақаттан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.Осы ретте тәртіп сақшылары қақтығыстың өршуіне, басқа адамдардың жарақат алуына жол бермей, бұзақылардың негізгі бөлігін ұстап үлгергендігін айтқан жөн.
Қазіргі таңда төбелеске қатысушылар мен оны ұйымдастырушылар және оқушы баланың өліміне кінәлі деген күдіктілер анықталып, бірнешеуі қамауға алынды. Сондай-ақ осы төбелеске қатысқан жасөспірімдердің ата-аналарының үстінен тиісті құжаттар жинақталып, қала әкімі жанындағы жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияға тиісті шара қолдану үшін жолданды.Осы оқиғаға байланысты наурыз айының 13-і күні облыс әкімі Болатбек Қуандықов облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұхаран Әміровті қабылдап, тергеу шараларын назарда ұстайтындығын айтты.