Toshiba ҚазҰУ-ға жаңа оқу құралдарын сыйлады

АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Жапониялық Toshiba компаниясы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқу материалдарын сыйға тартты.
None
None

Салтанатты рәсім Интерконтиненталь қонақ үйінде екіжақты кездесумен басталды. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚазҰУ-дың жапонтану кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттар, студенттер, Жапонияның Қазақстандағы елшісі Юдзo Харада мырза, Toshiba Cis президенті Накаи мырза, Toshibaның бас офисінің департамент бастығы Синего мырза қатысты. Онда Toshiba компаниясы туралы бейнематериал көрсетіліп, Қазақстанмен Жапонияның қарым-қатынасы, сондай-ақ ҚазҰУ мен әріптестікті дамыту айтылды.

«Toshibaның Жапонияның басқа мемлекеттермен арасындағы қарым-қатынастардың жақсаруына, халықаралық диалогтың дамуына ықпал ететін өзінің халықаралық қоры бар. Мәдени, интелектуалды айырбасты кеңейту мақсатымен қор әр мемлекеттерде жапон тілін оқыту бөлімдерін оқу материалдарымен қамтамасыз ету бағдарламаларын жүзеге асырады. Қазақстанда осы бағдарламаны іске асыру орны ретінде жапонтану ғылымы қарқынды дамып жатқан мемлекетіміздің жетекші оқу орны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ таңдаған болатын. 2010 ж. Жапонияға іс-сапармен барған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті деканы Н. Алдабек Toshiba компаниясының қорымен келісім-шартқа қол қойған болатын. Онда ҚазҰУ-ға оқу құралдарымен көмек мәселесі де көтерілген еді. Жапониядағы жер сілкінісі салдарынан болған қиын экономикалық жағдайға қарамастан, Toshiba компаниясы келісім-шартты бұзбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу-материалдарын ұсыну рәсімін өткізу мақсатымен Алматы қаласына өз өкілдерін жіберді», - деді ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов.

Оның айтуынша, сайға берілген жаңа оқу-материалдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жапонтану кафедрасындағы жапон тілін оқыту сапасын жақсартуға ықпалы зор болмақ. «Жаңа технологияларды, оқыту тәсілдерін енгізу студенттердің танымдық әрекеттерін, ой-өрістерін дамытып, оқу процесінің жеделдетілуіне ықпал етеді. Телебағдарламаларды, бейнематериалдарды оқытылатын тілде көру, тыңдау, лингафон кабинетіндегі жұмыс, CD-дискілермен компьютерде жұмыс, оқу-ойындарының элементтерін қолдану грамматикалық материалды игеруде, лексикалық сөз қорын көбейтуде, елтану аясын дамытуда, сонымен қатар студенттің таңдаған мамандығына қызығушылықтарын нығайтып, арттыруға жоғары білікті жапонтанушы маманының қалыптасуына қосар үлесі зор», - деді ректор.

Соңғы жаңалықтар