Трамп Испанияны НАТО құрамынан шығаруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Испанияның қорғанысқа жеткіліксіз қаражат бөлуіне байланысты оны НАТО құрамынан шығару мәселесін қарастыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Politico.
Трамп бұл пікірін Ақ үйде Финляндия президенті Александр Стуббпен өткізген екіжақты кездесу барысында білдірді.
— Біздің бір артта қалған ел бар — ол Испания. Оларға қоңырау шалып, неге артта қалып отырғанын білу керек. Біздің жасап отырғанымыздың арқасында олардың жағдайы жақсы, бірақ қорғанысқа қаражат бөлмеуіне ешқандай ақтау жоқ. Шынымды айтсам Испанияны НАТО-дан шығарып жіберулеріңіз керек шығар, — деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар, Трамп Финляндияның әскери шығындарды арттырғанын жоғары бағалап, ал Испанияны сынға алды.
— Сіздер өте жақсы қадам жасадыңыздар. Ал Испания — жоқ. Испания өз мойнына алған міндеттемелерін орындамады. Сондықтан, меніңше, сіздер Испаниямен келіссөз бастауға тиіс боласыздар, — деді ол.
Айта кетсек, Испания НАТО құрамындағы қорғаныс шығындары ең төмен елдердің бірі саналады: альянс дерегінше, 2023 жылы қорғанысқа бөлінген қаржы ЖІӨ-нің небәрі 1,2%-ын құраған. Елдің премьер-министрі Педро Санчес өз мемлекетінің қорғаныс міндеттемелерін орындау үшін ЖІӨ-нің 2,1%-ын инвестициялауы қажет екенін мәлімдеген.
Еске сала кетейік, маусым айындағы саммитте НАТО одақтастары Трамптың талабына сай қорғанысқа ЖІӨ-нің 5%-ын бөлуге келіскен болатын: оның 3,5%-ы — негізгі әскери шығындарға, ал 1,5%-ы — қауіпсіздік саласындағы кең ауқымды инвестицияларға бағытталуы тиіс. Испания бұл мақсатты көрсеткішті ұстанудан бас тартқан жалғыз мемлекет болды.