Еліміздің үздік әлеуметтік қызметкерлері анықталады
АСТАНА. KAZINFORM – «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл туралы Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова айтты.
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Конкурс халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып жүрген көрнекті мамандар мен инновациялық бастамаларды анықтау және ынталандыруға бағытталған. Негізгі мақсаты – әлеуметтік қызметкерлер мамандығының беделін арттыру, озық тәжірибені енгізуді ынталандыру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы озық тәжірибені тарату, - деді ол Астана қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның дерегінше, конкурс әлеуметтік жұмыстың негізгі бағыттарын қамтитын мынадай жеті номинация бойынша өткізіледі:
- «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері»;
- «Үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері»;
- «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор»;
- «Үздік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкері»;
- «Үздік әлеуметтік педагог» (арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде);
- «Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығы) үздік қызметкері»;
- «Үздік әлеуметтік жоба».
- Конкурс ережесіне сәйкес қатысушылар конкурстық өтінімді, презентация материалдарын және жұмыстары немесе жобасы туралы қысқаша бейнероликті дайындауы керек. Өтінімдерді www.qamqor.enbek.kz онлайн платформасы арқылы беруге болады. Конкурс екі кезеңде өтеді: облыстық және республикалық. Арнайы комиссия ашықтық пен объективтілік қағидаттарын сақтай отырып, бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Сонымен қатар, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, платформада қоғамдық онлайн дауыс беру жүргізіледі. Оның нәтижелері жеңімпаздарды таңдау кезінде ескеріледі, - деді Айгүл Таласова.
Басқарма басшысының айтуынша, байқау аясында «Әлеуметтік қызметкердің бір күні», «Мейірім шуағы», «Әлеуметтік идея» және «Әлеуметтік қызметкерге алғыс» тақырыптарында #Әлеуметтікфлешмоб, #СоциальныйФлешмоб біртұтас хэштегімен бірқатар әлеуметтік челлендждер жүргізіледі. Конкурс нәтижелері Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында – 2025 жылғы 24 қазанда Астана қаласында өтетін марапаттау рәсімінде жарияланады.
Бұған дейін 2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдардың 427,1 мың тапсырысы орындалғанын жазған едік.