Тұңғыш Президент күніне орай автошеруге қатысушылар Оралда болды

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 21 қарашада Ақтөбеден бастау алған автошеру құрамында тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылға қатысқан жиырмаға жуық ардагер бар. Олардың мақсаты - жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін, елге, өз халқының мәдениеті мен тарихына деген құрметті нығайту, Отан қорғауға дайын болуға шақыру. Автошеру Ақтөбе-Орал-Атырау-Құлсары-Бейнеу-Шетпе-Жаңаөзен-Ақтау бағытында жүріп өтіп, жастармен кездеспек.
Жеңіс алаңында автошеруге қатысушылар Оралдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, жауынгер-интернационалистермен, жастармен, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен кездесіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсет Нарықов және басқалар мұндай шараның маңыздылығын атап көрсетті.
«Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер одағы» РҚБ төрағасы, запастағы гвардия подполковнигі Мұрат Мұхамеджановтың айтуынша, олар 1992-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында әскери борыштарын абыроймен атқара білді. Сол шайқастар ардагерлері ол кезді ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінгі таңдағы басты міндет - Елбасы саясаты арқасында қол жетіп отырған бейбітшілік пен келісімді сақтай білу.
22 қараша күні кешкісін автошеру Атырауға аттанып кетті.