Түрік инвесторы Шымкентте буып-түю материалдарын шығаратын зауыттың құрылысын бастады
деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Берік Оспанов.
Буып-түю материалдарын шығаратын зауыттың құны - 55 миллион долларға бағаланып отыр, өндіріс 2011 жылдың басында іске қосылмақ.
«Осы компания индустриялық аумақта тағы үш зауыттың: целлюлоза, синтетикалық жуатын ұнтақтар және косметикалық өнімдер шығаратын зауыттардың құрылысын жоспарлап отыр. 4 кәсіпорынның жалпы құны 250 миллион доллар шамасында», деді Б.Оспанов.
Шымкенттің индустриялық аумағы кезінде өнеркәсіп алпауыты болған, бүгінде әбден тозып біткен фосфор зауытының аумағында құрылып жатқанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Қазір аумақ ескі нысандардан және қалдық-қоқыстардан тазартылуда. Облыс басшылығы сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының аясында мұндағы инфрақұрылымдарды қалпына келтіруде.