«Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбыры Ғасыр жобасы атанды

«Түрікменстан мен Қазақстан ұзақмерзімді әріптестер ретінде көптеген бағыттарда өзара қарым-қатынастарын дамытуда. Қазіргі кезде бірқатар бірлескен жобалар, мәселен, Ғасыр жобасы атанған «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырының құрылысы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жобаның екі елдің ғана емес, аймақтағы басқа да елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызы зор», деді Г.Мамедова Астанада Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовтің «Түрікменстанның дәрілік өсімдіктері» кітабының таныстырылымында.
Еске сала кетейік, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырының жалпы ұзындығы 7 мың шақырымға жуықтайды. Оның ішінде Түрікменстан аумағы бойынша 188 шақырымы, Өзбекстанда - 525 шақырымы, Қазақстанда - 1293 шақырымы, Қытайда 4860 шақырымы төселген. Қытайда газ құбыры Гуанчжоу қаласына дейін жеткізіледі, одан әрі қолданыстағы газ тармақтары бойынша бөлінеді.
Газ құбыры Түрікменстаннан ҚХР-ға табиғи газ транзитімен қатар қазақстандық газды елдің батыс кеніштерінен республикамыздың оңтүстік аймақтарына жеткізеді.
Қазақстан аумағында газ құбыры екі учаскеден (кезектен) тұрады: біріншісінің өткізу қуаты жылына 40 млрд. текше метр газ - Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан - қазақстан-қытай шекарасына дейін; екіншісінің өткізу қуаты жылына 10 млрд. текше метр - Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» бағыты бойынша.