Түркі мемлекеттері ұйымы 16 жылда 40-қа жуық салада ынтымақтастық орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 3 қазан Түркі мемлекеттері ынтымақтастық күні және тарихи Нахчыван келісімінің 16 жылдығы ретінде кең көлемде мерекеленді.

 Кубанычбек Омуралиев
Фото: ТМҰ баспасөз қызметі

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев құттықтау хатында ұйымның осы уақыт аралығында жеткен зор жетістіктері мен даму бағыттарына тоқталды. Бас хатшының айтуынша, соңғы он алты жылдың ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы жан-жақты ынтымақтастықтың кешенді алаңына айналды. Ұйым бастапқыда бірнеше саланы қамтыған болса, қазіргі таңда экономика, көлік, кеден, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, жастар және спорт, цифрландыру, инновация, экология және қауіпсіздік секілді 40-қа жуық салада жан-жақты ынтымақтастық орнатылған.

Бұл даму ортақ бағытымызды нақты іске айналдыруға, ортақ тарих пен мәдени байланыстарымызды ынтымақтастық пен өркендеудің нақты құралына айналдыруға деген ұжымдық ерік-жігеріміздің айқын көрінісі. Аталған жетістіктер мемлекет басшыларының көреген ұстанымы мен Сыртқы істер министрлерінің, сондай-ақ ұйым мүшелерінің және бақылаушы елдерінің белсенді еңбегінің арқасында мүмкін болды, — деп атап өтті Бас хатшы.

Сонымен қатар Омуралиев өткен жылғы Қырғызстанның төрағалығы аясында атқарылған жұмыстарға алғысын білдіріп, алдағы 2025 жылғы қазан айында Әзербайжанның төрағалығында өтетін мемлекет басшыларының 12-ші саммитіне дайындықты атап өтті. Бұл саммит ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жаңа бағыттарды дамытуға серпін береді деп күтіліп отыр.

Оның сөзінше, Түркі мемлекеттері ұйымы саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық байланыстарды кеңейтіп, мәдени алмасуды арттыру арқылы халықаралық аренада ортақ мүдделерді қорғауда маңызды рөл атқарып келеді.

Бас хатшы Кубанычбек Омуралиев Түркі мемлекеттері ынтымақтастық күнімен ұйымға мүше және бақылаушы елдердің халықтары мен үкіметтерін шын жүректен құттықтап, ұйымның болашағы жарқын, бірлігі берік болуын тіледі.

Айта кетейік, 6-7 қазанда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті өтеді. Мұнда мемлекет басшылары саяси ұсынысын айтып, түркі мемлекеттерінің ортақ мәселелерін талқыламақ. Талқы алаңында не айтылуы мүмкін, ұйым құрылғалы нендей нәтижеге қол жетті? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге сауалдарға жауап іздеді.

Соңғы жаңалықтар