Түрк ПА-ға төрағалық Қазақстанға өтті

Кеңес отырысында негізінен ертең, 28 сәуірде өтетін Түрк ПА ІІ пленарлық отырысының күн тәртібі нақтыланған болатын. Сондай-ақ, бүгінгі жиын барысында Түрк ПА делегация басшылары ұйымның ағымдағы жылғы бюджетін пысықтап, ынтымақтастық бағыттағы бірқатар құжаттарға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылғы 17 қарашада Анталияда Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 8-і саммиті өтіп, сол отырыста Парламенттік Ассамблея құру туралы идеяны Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ұсынған болатын. Осыған орай, 2008 жылы Ыстамбұл қаласында Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттері жетекшілерінің бірінші конференциясы өтіп, сол жиында Түрк ПА құру туралы келісімге қол қойылды. Ал 2009 жылы 28-29 қыркүйекте Баку қаласында ТүркПА бірінші жалпы отырысы өтті. Содан бері ұйымға Әзірбайжан мемлекеті төрағалық етіп келді.
Ертең Түрк ПА ІІ пленарлық отырысы «Түркітілдес мемлекеттердің тәуелсізлдігі: дамуы және жаңа белестері» атты фотокөрмемен ашылатын болады. Жиын барысында Түрк ПА Кеңесінің Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйлейтіні күтілуде. Бұдан бөлек, Түрк ПА-ға мүше басқа да мемлекеттердің делегация басшылары сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын жасайтын болады