Түркістан облысының Мақтаарал ауданында «Halyqtyq Kense» жұмысын бастады
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков халықтық кеңсенің қызмет көрсету барысын бақылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық кеңістіктегі жаңа нысанда 8 дербес бөлімдер бар. Атап айтсақ, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, экономика және қаржы, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша 90 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, тұрғындардың кедергісіз қызмет алуына жағдай жасалған.


Сондай-ақ, мұнда электронды терминал арқылы кезек алу, анықтама бұрышы, электронды қызмет көрсету, күту залдары жұмыс істейді. Және де «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышымен» жасақталды.
Халықтық кеңседе электронды цифрлық қолтаңба алуға, «e-gov» қызметі арқылы анықтамаларды алу, жәрдемақы тағайындауға өтініш, үй кезегіне тіркелу, жер, үй құжаттарын заңдастыру және халыққа қызмет көрсету орталығына брон жасауға жәрдем беретін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған.


