Түркістанда түрік дүниесінің фольклористері, ақын-жыраулары бас қосты

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен түрік дүниесінің фольклористері, ақын-жыраулары мен халық ақындары 3-4 мамыр күндері түркі мәдениетінің рухани астанасы Түркістанда бас қосты.
None
None

Түркияның белгілі ғалымы, иранист-фольклорист, профессор, доктор Али Кафкасиялы шараның түркі халықтарының атажұрты саналатын Түркістанда өтуіне көп ықпал жасады, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

Сонау Қ.А.Ясауи бабамыздан бастау алған өлең құдіреті мен Қорқыт атадан жеткен мәдени құндылықтарымыздың түркі халықтарындағы ортақ жәдігерлері ортаға салынып, киелі Түркістан шаһарын дүр сілкіндірді. Шараның негізгі мақсаты - бүгінгі таңда жоғалып бара жатқан көне ұлттық аспаптарды, бүкіл түркі халқына ортақ жыраулар мақамы, толғау, суырып­сал­малық, ақындық өнердегі шығар­ма­лар­ды ортақтастыра отырып, насихаттау арқылы түркі халықтарының мәдени бай­ла­ныстарын нығайту болып табылады. Халық ауыз әдебиетінде ортақ мұраларды ұрпақтарға аманаттап, түбі бір түркі халықтарының ортақ мәдениетін паш етті.

Осымен төртінші рет ұйымдастырылған бұл түркі әлемі халық ақындары мейрамы Түркия Республикасында үш рет өткен. Атал­мыш шараға Әзірбайжан, Грузия, Қазақ­стан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркі­менстан, Түркия, Иран, Ресей Феде­ра­ция­сының хакас-якут, алтай ұлттарынан, Қытай, Қарақалпақстаннан 40-тан астам ғалым мен ақын-жырау қатысты. Орта Азияда, оның ішінде Қазақ­станда көш ілгері дамыған суырып­сал­ма­лық, айтыс өнерінің өкілдері Әселхан Қалы­бекова толғау айтса, Бекарыс Шойбе­ков арнау өлеңімен өнер көрсетті. Маржан Есжанова мен қырғызстандық айтыскер Мақсат Құлиевтың жеңге мен қайын айтысы көрер­мен қауымын шаттыққа бөледі. Қомус, дутар, қумус, домбыра, қобыз тар­ты­лып, көпшілік қауым рухани сусындады.

Соңғы жаңалықтар