Түркістандық журналистер асық атып, ләңгі тебуден жарысты
28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистер арасында спартакиада өтті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада БАҚ өкілдері әртүрлі сайысқа түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Мәселен, кір тасын көтеріп, қол күрестіріп күштіліктерін көрсетті. Нысананы көздеу арқылы ептіліктерін танытты. Ал, командалық жарыста арқан тартып, асық ойнады. Ләңгі теуіп, қаппен жүгірді және былғары қолғап киіп кәмпит аршыды. Қыздар жағы жеміс-жидектен ассорти әзірлеп аспаздық қырларын көрсетті. Ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды.
Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Халықпен біте қайнасып, бұқараға шынайы ақпарат жеткізіп жүрген БАҚ өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше. Спорт бәсекесі сәтті өтсін. Шын мықтылар жеңіс тұғырынан көріне берсін» - деді ол.
Ал, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, «Түркістан» телеарнасының директоры Жанахмет Ағыбаев, профессор Бекжігіт Сердәлі және өзге де БАҚ басшылары мен ардагер журналистер жарыс жолына түскен қаламгерлерге сәттілік тіледі.
Спартакиада қорытындысында үздік деп танылған командалар мен үздік қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Ал, іс-шара соңында көпшілік алау жағып, ән айтты.


