Түркия цифрлық лира шығаруға дайындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия ұлттық цифрлық валюта – цифрлық түрік лирасын енгізу жолында шешуші қадам жасап жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
«Түркия президентінің 2026 жылға арналған бағдарламасындағы» мәліметтерге сәйкес, цифрлық лираны әзірлеу, сынақтан өткізу және қаржы жүйесіне біріктіру жұмыстары алдағы жылы белсенді түрде жалғасады.
Түркия Орталық банкі басқаратын жоба цифрлық валютаны техникалық тұрғыдан жетілдіруді ғана емес, сонымен қатар оны ресми түрде іске қосу және пайдалану үшін қажетті заңнамалық базаны дайындауды да қамтитын жаңа кезеңге аяқ басып отыр.
Басты бағыттардың бірі Орталық банк цифрлық валютаның елдің экономикасы мен қаржы секторына ықпалын бағалау үшін сынақ ұйымдастырмақ. Сонымен қатар қаржы делдалдарының цифрлық лира жүйесіне интеграциялануы қамтамасыз етіліп, жобаның экожүйесіне перспективалы саналатын инновациялық, технологиялық шешімдер енгізіледі.
Бұған қоса Түркияның басты қаржы реттеушісі цифрлық активтермен және токенделген құнды қағаздармен операциялар үшін техникалық талаптарды талдау және анықтаумен айналысады. Мұндай активтермен есеп айырысу кезінде цифрлық лираны пайдалану бойынша пилоттық жобалар өткізу жоспарланып отыр.
Биылғы жылдың қыркүйек айында Түркияның Орталық банкі банктерді, қаржы-технологиялық компанияларды және технологиялық шешімдерді жеткізушілерді цифрлық валютаны пайдаланудың инновациялық жағдайларын әзірлеуге шақырды.
Жобаның бірінші кезеңі туралы бұрын жарияланған есепке сәйкес, цифрлық лира Түркияның болашақ қаржы-технологиялық экожүйесінің негізгі элементі ретінде қарастырылып отыр. Қазіргі кезде жобаның барлық аспектілерін дамытуға бағытталған екінші кезең іске асырылып жатыр.
Осылайша, 2026 жыл цифрлық лира үшін бетбұрыс кезеңі болады, дәл сол кезде Түркия ұлттық цифрлық валютасын тестілеуден практикалық енгізуге көшуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Түркияның ұлттық валютасы 2010 жылдан бері өз құнының шамамен 97%-ын жоғалтқанын жазған болатынбыз. Бұл миллиондаған азаматтың жинақтары жойылғанын білдіреді.