Түркияда апатқа ұшыраған қазақстандықтар елге неге жеткізілмей отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры Түркияда жол-көлік оқиғасына тап болған жеті қазақстандықты қандай себептермен елге жеткізе алмағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бұдан бұрын хабарланғандай, Талдықорған мен Алматыдан шыққан 7 турист 21 қыркүйекте Түркияда жол апатына түсіп қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Түркияның 4 азаматы көз жұмды, ал қазақстандықтар ауыр жарақат алып, оларға шұғыл операциялар жасалды.

Жалпы Қазақстандағы шетелге шығатын туризмді сақтандыру жүйесі өткен жылдан бастап іске қосылды. Содан бері қазақстандықтар шетелге шығатын кезде туристік компаниялардан туркодтар талап етуі тиіс.

«Туристік Қамқор» қорының директоры Асылхан Есіловтің айтуынша, зардап шеккен қазақстандықтар Түркияға өз күшімен сапарлаған.

«Атап айтқанда туристік фирмалар арқылы бармағандықтан, сәйкесінше оларда туркодтар жоқ. Екіншіден, осы азаматтарда сақтандыру құжаты да болмай отыр. Бұл ретте жағдай айтарлықтай қиындау. Заңнама бойынша біз оларды тікелей шығара алмаймыз, дегенмен де қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігімен, Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста әрекет етудеміз. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрілігі де өз мүмкіндіктерін іске қосуда. Осы сәтте оларды елге неғұрлым тезірек жеткізу мәселесі шешілуде.  Аталған мәселе оңтайлы шешімін табады деген ойдамын. Әрине, Қазақстан азаматтарын сонда қалдырып, ешкім де қарап тұрмайды. Өкінішке қарай, бұл туристер сапарларын тыңғылықты пысықтамаған. Өздері билет сатып алып, қонақ үйді booking арқылы брондаған. Жол-көлік оқиғасы 21 қыркүйекте орын алғанымен, бұл жағдай тек түнде ғана белгілі болды», - деді Асылған Есілов ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол туристер тарапынан «Туристік Қамқор» қорына ешқандай да өтінімдер мен мәлімдемелер жасалмағанын жеткізді.

Сөз соңында А. Есілов шет мемлекетке демалуға баруға ниетті адамдар туристік фирмалардан туркод талап етуі тиіс екендігін, бұл өз кезегінде демалыс қауіпсіздігінің кепілі болатынын қадап айтты.

Айта кетейік, ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық жастарды елге әкелу мәселесі қарастырылып жатқандығын хабарлаған болатын . 

Соңғы жаңалықтар