Түркияда зардап шеккен қазақстандықтар елге санавиациямен қайтудан бас тартты
Бұл туралы бүгін ОКҚ-да ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев мәлім етті.
«7 қазақтандықтың төртеуі ер адам, үшеуі қыз бала. Олардың барлығы жарақат алуының деңгейіне байланысты әртүрлі клиникаларға жатқызылған. Олардың үшеуі бүгінгі күні Қазақстанда. Үшеуі түрік клиникаларында жатыр. 29 қыркүйекте Ыстанбұл - Анталия, Анталия - Астана бағытында рейс жопсарланған еді. Біздің азаматтарды республикалық ғылыми-зерттеу орталығына жеткізу көзделген. Ұшу алдында, яғни 28 қыркүйекте ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жазылған өтініш пен ҚР СІМ-ге жолдаған хаттарына сәйкес, пациенттер арнайы медициналық борттан бас тартатындықтарын жеткізді», - дейді Нұржан Отарбаев.
Оның айтуынша, өтініш негізінде және олардың конституциялық құқықтарына сәйкес, рейс тоқтатылған.
«Олардың бас тартуларына төртінші пациенттің санитарлық авиацияның көмегіне сай келмеуі себеп болып отыр. Бірден айтайын, түрік әріптестердің медициналық қорытындысына сәйкес, медициналық бортқа арналған арнайы медициналық көрсетілім болады. Соның негізінде зардап шеккендердің үшеуі медициналық бортпен жеткізу қызметіне жатқызылған. Амбулаториялық ем алып жатқан төртінші пациент медициналық бортпен әкелуге жатқызылмаған. Демек, Түркиядағы медициналық мамандардың шешіміне сәйкес, ол азаматтық авиациямен қайтуға болатыны анықталған. Қандай қағидаттарға пациенттер сүйеніп отырғанын мен айта алмаймын», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 21 қыркүйекте Түркияның Кемер қаласының маңында болған жол апаты салдарынан 7 қазақстандық ауруханаға түскен еді. Төрт ер адам мен үш қыз бала. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен хирургиялық ота жастардың жанын сақтап қалды.