Түркияда жол апатына түскен қазақстандықтар түгел елге оралды
Талдықорған қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақтан түскен жастарды бірден Алматы облысының жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері күтіп алып, Алматыдағы № 2 облыстық көпсалалық клиникалық ауруханаға жеткізген. Қазір науқастар жіті медициналық бақылаудан өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, 2 азаматтың миы шайқалған. Тағы екеуінің сүйектері сынған. Сол себепті, алдағы аптаның дүйсенбі-сейсенбісіне дейін науқастарды қозғауға болмайды.
«Науқастардың жағдайы орташа. Оларды қазір әбден тексеріп алуымыз керек. Дүйсенбі тағы сараптама алынады. Соның нәтижесіне қарай толыққанды ақпарат береміз», - дейді Жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов.
Қазір Алматыдағы № 2 облыстық ауруханада Нұрсұлтан, Алмагүл, Айдын, Асылы есімді 25 жастағы талдықорғандықтар жатыр. Бастапқыда оларды ата-аналары Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға жеткізуді өтінген болатын. Алайда, мамандардың кеңесіне құлақ түріп, әзірге осы ауруханада ем қабылдай тұруға келісті.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйекте Түркияның Кемер қаласы маңында болған жол апаты салдарынан 7 қазақстандық ауруханаға түскен еді. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен хирургиялық ота жастардың жанын сақтап қалды. Алғашқыда Түркияда апатқа ұшырағандардың үшеуі елге жеткенін хабарлаған болатынбыз. Енді қалған төртеуі де елге аман-есен оралды.