Түркиядағы жол апаты: Қазақстандықтар елге азаматтық авиациямен бүгін жетеді
«Біріншіден, айтарым - әлемнің қай нүктесінде болмасын, біздің отандастарымыз ҚР СІМ-нің қолдауына ие бола алады. Қазақстандықтар шетелде қандай да бір оқыс оқиғаға тап болып қалған жағдайда ҚР СІМ-ның жедел әрекет ету алгоритмі бар. Түркияда болған оқиға бойынша, сіздер жол апаты Анталияда болғанын білесіздер. Анталияда біздің консулдық бар. Үрейлі жол апаты туралы алғашқы ақпарат пайда болған кезде-ақ Қазақстанның консулы Түркияның ресми тұлғаларымен, медицина қызметкерлері және зардап шеккен отандастарымызбен кездесті. Күн сайын консулдық зардап шеккендермен хабарласып, жағдайларын біліп отырды», - дейді Әнуар Жайнақов.
Оның айтуына қарағанда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев мәлім еткендей, зардап шеккен қазақстандықтар санитарлық авиациядан бас тартқан.
«Біз бұл ақпаратты растаймыз. ҚР СІМ мен біздің консулдық зардап шеккен қазақстандықтардан ресми түрде хат алды. Ол бойынша төртінші зардап шеккен адамға орын қарастырылмағандықтан, бортты ұшырмау туралы хат келіп түсті. Ол зардап шеккендердің бірінің аяғы ауыр зайыбы болып келеді. Бұл стандартан тыс жағдай. Анталиядағы Қазақстанның консулы зардап шеккен қазақстандықтарды елге жеткізу бойынша күш салды. Қазіргі уақытта төрт қазақстандық және олардың үш туысы медперсоналмен бірге бүгін Анталиядан кәдімгі рейспен, яғни «Токиш Эйрлайндс» авиакомпаниясының ұшағымен Ыстамбұл арқылы Алматыға ұшып келеді. Олар жергілікті уақыт бойынша 16:45 уақытында ұшып шығады», - дейді Әнуар Жайнақов.
Әнуар Жайнақовтың айтуынша, зардап шеккендердің Отанына оралу шығынын Қазақстанның Түркиядағы құрметті Консулы Мехмет Исмайл төлеген. Бұл шаралар Анталиядағы Қазақстанның консулы Бауыржан Әбдірахмановтың күш салуымен жүзеге асып отыр.
«Зардап шеккен қазақстандықтар Алматыға ұшып келіп, ем-домын әрүтүрлі клиникаларда жалғастырады. Мендегі ақпарат бойынша, олардың кейбірі Талдықорғандағы көппрофильді ауруханада емделмек», - дейді Әнуар Жайнақов.
Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев Түркияның Кемер қаласында жол апатына ұшыраған үш қазақстандық еліне арнайы медициналық бортпен оралудан бас тартқанын мәлім еткен болатын.